Филиалды таңдаңыз:
Тәуекелдерді басқару – Қордың стратегиялық және операциялық мақсаттарына жету үшін тәуекелдерді уақытылы сәйкестендіру, бағалау, мониторинг жүргізу және оларды төмендету шараларын қолдануға бағытталған «БЖЗҚ» АҚ әрбір үдерісінің және әрбір қызметкерінің қызметтік міндеттерінің ажырамас бөлігі. «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару жүйесі бірыңғай үдеріске біріктірілген өзара байланысты элементтерден тұрады және Қордың атқару органы мен басқару органын тәуекелдер және оларды барынша азайту бойынша шешімдер туралы уақытылы ақпаратпен қамтамасыз ететін үдерістер мен рәсімдер жүйесін қамтиды.
Қордағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау құрылымы COSO халықаралық стандарттарының қағидаттарына сәйкес «үш қорғаныс желісі» үлгісімен ұсынылады. Аталған үлгіге сай тәуекел иелері өз қызметіне тән, оның ішінде қызметкерлерге, өнімдерге, үдерістер мен жүйелерге байланысты операциялық тәуекелді анықтау, өлшеу, мониторинг жүргізу және бақылау, сондай-ақ ішкі бақылаудың тиімді жүйесін қамтамасыз ету үшін жауапты бірінші қорғаныс желісін қалыптастырады. Тәуекелдерді басқару бөлімшесі – тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылаудың тиімді тәжірибесін енгізуге мониторинг жүргізу, қамтамасыз ету және қадағалау қызметін жүзеге асыратын екінші қорғаныс желісі бөлімшелерінің бірі. Үшінші қорғаныс желісін Қордың ішкі аудит қызметі қамтамасыз етеді. Ішкі аудит қызметі бірінші және екінші қорғаныс желісі жұмысының тиімділігін бағалауды Қор басшылығына және Директорлар кеңесіне ұсынады.
«БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесі мен Басқармасы қызметкерлерге Қор қызметінің барлық басқару деңгейі мен бағыттарында ішкі бақылау мен әдеп нормаларын сақтау маңыздылығын білдіретін және көрсететін бақылау ортасын құруды қамтамасыз етеді. «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесі жыл сайын тәуекелдер тізілімін, тәуекелдер картасын, тәуекелдерді барынша азайту бойынша іс-шаралар жоспарын, негізгі тәуекелдерге қатысты тәуекел сыйымдылығы мен тәуекел төзімділігінің жалпы деңгейін бекітеді. Қордың тәуекелдерді басқару бөлімшесі тәуекелдерді басқару жүйесін үйлестіру және одан әрі жетілдіру үшін жауапты.
Қор ірі қаржы институты ретінде Қор қызметінің негізгі бағыттарының сенімді жұмысын, Қордың стратегиялық мақсаттар мен қаржылық тұрақтылыққа жетуін қамтамасыз ету, аса маңызды негізгі және қосалқы үдерістердің үздіксіз жұмысын тиімді қолдау мақсатында операциялық, қаржылық, құқықтық және басқа да тән тәуекелдерді анықтау, өлшеу мен басқару үшін қажет шараларды қолданады және жеткілікті ресурстар бөледі.
Қорда тәуекелдерді басқару үдерісіне барлық қызметкерді тарту арқылы, оның ішінде Қордың Директорлар кеңесі, Басқармасы және қызметкерлері арасында тұрақты ақпарат алмасу арқылы тәуекел мәдениетін дамытуға көп көңіл бөлінеді. Қор қызметкерлері үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау саласында оқыту іс-шаралары өткізіледі. ТБЖ аясында Қордың басшылығы мен қызметкерлерінің әрқайсысы өз деңгейінде Қордың қызметіне әсер етуі мүмкін әлеуетті тәуекелдерді анықтауға, сондай-ақ осы оқиғаларды қолайлы тәуекел деңгейі аясында басқаруға қатысады.
Сонымен қатар Қорда корпоративтік тәуекелдерді басқару жүйесін, атап айтқанда, ішкі бақылау жүйесін, сондай-ақ қызмет үздіксіздігін басқару жүйесін әрі қарай жетілдіру жұмысы көзделген (Қор қызметінің үздіксіздігін басқару үдерісі тиімділігінің мысалы ретінде коронавирустық инфекция (COVID-19) пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізілген кезеңдегі Қордың бір күн де тоқтамаған жұмысын атауға болады).
Қорда «БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің 13.06.2023 жылғы №8 шешімімен бекітілген «БЖЗҚ» АҚ-да тәуекелдерді басқару саясаты бекітілген және қолданылады, онда тәуекелдерді басқару жүйесінің мақсаттары , жұмыс істеу қағидаттары мен үдерістері сипатталған.
Қор қызметіне Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің және Қазақстан Республикасының «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңының талаптарымен регламент белгіленгені ескеріліп, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару жүйесі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту реттеу агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 40 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидасына, сондай-ақ қолданыстағы «COSO Internal Control-Integrated Framework» халықаралық ішкі бақылау стандартына, Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілеріне және Қордың ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қалыптастырылған.